Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 56 мыңнан астам жас Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы іс-шараларға қатысты

Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 56 мыңнан астам жас Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы іс-шараларға қатысты

БҰҰ Бас Ассамблеясының Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жариялаған Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы іс-шаралар елімізде жалғасып келеді.

Осы ретте Ақтөбе облысында 2026 жылдың басынан бері 56 мыңнан астам жастың қатысуымен 1233 іс-шара ұйымдастырылды.

Бүгінде өңірде 7 мыңға жуық волонтер, 7 волонтерлік ұйым және 132 волонтерлік топ бар. Волонтерлер экологиялық акцияларға қатысып, патриоттық бастамаларды жүзеге асыруға, цифрлық сауаттылықты арттыруға және әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуге белсенді атсалысып келеді.

Өңірде әлеуметтік маңызы бар волонтерлік жобаларды іске асыруға ерекше көңіл бөлінуде. Солардың бірі – «Жұлдызды жәрмеңке» қайырымдылық жобасы. Жоба волонтерлерді, кәсіпкерлерді, шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындарын ортақ мақсатқа жұмылдыруға бағытталады. Жәрмеңкеден түскен қаражат аз қамтылған отбасыларға, ерекше қажеттілігі бар балаларға және көмекке мұқтаж азаматтарға көмек ретінде беріледі. Бұл бастама қоғамда қайырымдылық мәдениетін қалыптастырып, өзгеге қолдау көрсетуге үндейді.

Айтулы жобалардың қатарында колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші және екінші курс студенттеріне арналған Volunteer School бағдарламасы бар. Үш күндік оқыту барысында қатысушылар волонтерлік қызметтің негізгі қағидаларын меңгеріп, көшбасшылық қабілеттерін дамытады, қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырудың тәжірибелік дағдыларын игереді. Оқу аяқталғаннан кейін олар өңірдегі волонтерлік ұйымдардың жұмысына қосылады.

Жаңа бастамалардың бірі – цифрлық волонтерлікті дамытуға бағытталған Digital Volunteer Aqtobe жобасы. Жоба аясында киберқауіпсіздік, цифрлық сауаттылық және медиакоммуникация бағыттары бойынша дайындықтан өткен 30 волонтерден құралған мобильді топ жасақталды. Олар егде жастағы азаматтар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына электрондық мемлекеттік қызметтерді пайдалануға көмектесіп, интернет-алаяқтықтың алдын алу және цифрлық мәдениетті арттыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі