Қазақстан делегациясы Әзербайжанда өткен Түркі әлемі апталығының ашылу рәсіміне қатысты

Қазақстан делегациясы Әзербайжанда өткен Түркі әлемі апталығының ашылу рәсіміне қатысты

Әзербайжан астанасында Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығына арналған Түркі әлемі апталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға орай, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларға құттықтау хатын жолдады. Мемлекет басшысының құттықтауын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.

Бұған дейін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының XII саммитінде Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының бүгінде бауырлас елдердің ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң екенін атап өткен болатын.

Бағдарламаның алғашқы күні «Түркі әлемі – бір отбасы: ортақ мақсат жолындағы түркі ынтымақтастығы халықаралық ұйымдарының қызметі» тақырыбындағы пленарлық отырыс өтті. Сондай-ақ «І Түркология құрылтайына – 100 жыл (1926-2026)» естелік белгісін тапсыру рәсімі және тақырыптық панельдік отырыстар ұйымдастырылды.

Іс-шараға түркі мемлекеттерімен қатар, әлемнің 20 еліндегі ғылыми орталықтардан келген 80-ге жуық белгілі түрколог ғалым, сондай-ақ түркі ынтымақтастығы бағытындағы халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында Қазақстан делегациясы да болды.

Түркі әлемі апталығы 3 шілдеге дейін жалғасады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі