Астанада жас сарапшыларға арналған Jastar Research Hub акселераторы басталды

Астанада жас сарапшыларға арналған Jastar Research Hub акселераторы басталды

Астанада жас сарапшыларға арналған Jastar Research Hub акселераторының ресми ашылуы өтті. Жобаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында ұйымдастырды.

Жобаға еліміздің барлық өңірінен келген жас зерттеушілер, аналитиктер және сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Білім беру бағдарламасына қатысу үшін конкурстық іріктеуден өткен 250-ден астам үміткердің ішінен 20 финалист таңдалды.

Акселератордың білім беру бағдарламасы 3 шілдеге дейін жалғасады. Бір апта бойы қатысушылар мемлекет қайраткерлерімен, аналитикалық орталықтардың жетекшілерімен, зерттеушілермен және сарапшылармен кездеседі.

Жобаның негізгі мақсаты – қоғамдық үдерістерді зерттеп қана қоймай, ел дамуына қатысты өзекті мәселелер бойынша нақты шешімдер ұсына алатын жас аналитиктер мен зерттеушілер буынын қалыптастыру. Оқу қорытындысы бойынша қатысушылар өздерінің аналитикалық баяндамалары мен ұсынымдарын таныстырады. Үздік түлектер «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының жас сарапшылар пулына қосылады.

Іс-шара барысында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі