
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында 65-ші концерт маусымының жабылуына орай FOLK SHOW гала-концерті өтті. Кешке мыңға жуық көрермен жиналды.
Жоба ұлттық музыканы заманауи бағытта дәріптеуге бағытталды. FOLK SHOW жобасының авторы әрі дирижері – республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Әділет Азбаев.
Концертте қазақ музыкасының таңдаулы туындылары, әлемге танымал шығармалар мен кино және тележобаларға арналған саундтректер шырқалды. Сахнада «Astana Sazy» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, G band тобы, сондай-ақ «Қазақконцерттің» шығармашылық ұжымы мен өнерпаздары өнер көрсетті.
Кеште «Qazaq Symphony», «Шал», «KZ Hits», «Қазақша тренд» топтамасының шығармалары, Құрманғазының «Адай» күйі, Батырхан Шүкеновтің шығармашылығына арналған туындылар және әлемдік киноиндустрияның танымал саундтректері орындалды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі