
Талдықорғанда «Әке. Отбасы. Болашақ» атты XI республикалық әкелер форумы өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, депутаттар, педагогтер, психологтар, мәдениет қайраткерлері және еліміздің барлық өңірінен келген белсенді әкелер қатысты.
Форумның негізгі тақырыбы – отбасы институтын нығайту және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің рөлін арттыру. Алғашқы сессия барысында қатысушылар ұлттық құндылықтардың, әлеуметтік жобалардың және медиа кеңістіктің отбасы құндылықтарын қалыптастырудағы маңызын талқылады.
Екінші сессияда қазіргі заманғы бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелер айтылды. Атап айтқанда, әкелер институтын мемлекеттік қолдау, цифрлық орта мен әлеуметтік желілердің ықпалы, бұқаралық ақпарат құралдарында әкенің оң бейнесін қалыптастыру, сондай-ақ әкенің эмоциялық қолдауының баланың психологиялық саулығына әсері сөз болды.
Жиын соңында «Әкелер одағының» белсенді мүшелерін марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шараның жалғасы ретінде 27 маусым күні отбасы құндылықтарын насихаттауға, салауатты өмір салтын дәріптеуге және қоғамдағы әкенің рөлін нығайтуға бағытталған «Шаған тау – 2026» марафоны өткізіледі.
Форум жыл сайын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі тарапынан ұйымдастырылады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі