
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Астана қаласындағы Достық үйінде «Жалпыұлттық бірлік пен этносаралық келісімді нығайтудағы медианың рөлі» тақырыбында семинар өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері және журналистер қатысты.
Жиын барысында ақпарат ұсынудың заманауи тәсілдері, медиа саласындағы кәсіби жауапкершілік мәселелері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтудағы орны сөз болды.
Спикерлер қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, сындарлы диалогты дамыту, ауызбіршілікті орнықтыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
Семинар аясында этносаралық татулық пен қоғамдық келісім тақырыбын дәріптеуге үлес қосқан БАҚ өкілдері арнайы марапатталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі