Бейжіңде кітапхана ісін жаңғырту және цифрландыру мәселелері талқыланды

Бейжіңде кітапхана ісін жаңғырту және цифрландыру мәселелері талқыланды

Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасымен бірлесіп, Қытай Халық Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Көпшілік кітапханасының мамандарымен жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесу Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа форматтағы кітапханалар мен көпфункционалды қоғамдық кеңістіктер құру, оқырмандарға арналған инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ заманауи ақпараттық жүйелер мен сервистерді енгізу жөніндегі Жарлығында айқындалған міндеттерді іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Тараптар көпфункционалды кітапханаларды дамыту, кітапхана қорларын сақтау және реставрациялау, кітапхана қызметін цифрландыру мен автоматтандыру, сондай-ақ кітапханалар жұмысына заманауи технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар қытайлық мамандар кітапханаларды басқару, цифрлық ресурстарды пайдалану, оқырмандарға қызмет көрсетудің инновациялық үлгілерін енгізу және мәдени мұраны сақтау бағытында тәжірибе бөлісті. Қазақстандық тарап елімізде кітапхана саласын жаңғырту бойынша жүзеге асырылып жатқан бастамалар туралы ақпарат ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар кәсіби байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуды жалғастыруға және кітапхана ісін дамыту саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілік танытты.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі