Қазақстан мен Қытай кітап шығару және аударма саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Қытай кітап шығару және аударма саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығында «Қазақстанның баспа ісі: ұлттық әдебиетті әлемдік кеңістікке таныту» атты шығармашылық кездесу өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасының ұлттық павильоны ұсынылған 32-ші Бейжің халықаралық кітап көрмесіне қазақстандық делегацияның қатысуы аясында ұйымдастырылды. Кездесудің мақсаты – қазақстандық әдебиетті, кітап мәдениеті мен ұлттық мәдени мұраны шетелде кеңінен насихаттау.

Іс-шараны Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің қолдауымен Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығы, Қазақстан баспагерлері, полиграфистері және кітап таратушылары қауымдастығы, Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы және «NOMAD» мәдени қоры ұйымдастырды.

Кездесуге Қазақстан мен Қытай баспаларының өкілдері, кітапхана саласының мамандары, әдеби және мәдени ұйымдардың мүшелері, дипломаттар, ғалымдар мен студенттер қатысты.

Қатысушылар баспа саласын дамыту, жаңа технологияларды енгізу, аударма ісінің аясын кеңейту, ұлттық әдебиетті ілгерілету және кітап оқуды насихаттау мәселелерін талқылады. Қытай тарапы екі елдің кітаптарын өзара аудару және басып шығару, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың музыкалық шығармаларын аудару мен жариялау бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.

Кездесу барысында қонақтарға «Қазақ поэзиясының антологиясы», қазіргі заманғы авторлардың шығармалары, Қазақстан мен оның мәдени мұрасы туралы басылымдар, оқу әдебиеттері, сондай-ақ қазақ тіліне аударылған көрнекті қытай қайраткерлері туралы кітаптар таныстырылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі