
Румынияның Тырговиште қаласында АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Испания, Қытай, Корея Республикасы және өзге де елдерден келген 50-ден астам театр ұжымының басын қосқан XIV халықаралық BABEL театр фестивалі өтті.
Қазақстан атынан фестивальге Шымкент жастар театры қатысып, француз драматургі Жан Ануйдің шығармасы негізінде қойылған «Антигона» спектаклін сахналады.
Қойылым халықаралық театр мамандары мен көрерменнің жоғары бағасына ие болды. Көрермен қауым қазақстандық әртістердің өнерін жылы қабылдап, қойылымның көркемдік ерекшелігін және актерлік шеберліктің жоғары деңгейін айрықша атап өтті.
Мұндай халықаралық фестивальдер қазақстандық театр ұжымдарының өнерін шетел көрерменіне танытып, мәдени байланысты нығайтуға ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық мәдениетті қолдау және қазақстандық шығармашылық ұжымдардың халықаралық деңгейдегі танымалдылығын арттыру жөніндегі саясаты аясында жүзеге асырылып келеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі