
Алматы қаласында «Алматы – Түркі әлемінің жастар астанасы 2025» жобасы аясында ұйымдастырылған Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық жастар кемпингінің салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген жас көшбасшылар, белсенді жастар мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Басты мақсат – жастардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасап, халықаралық байланысты нығайту және ортақ бастамаларды дамыту.
Үш күнге жоспарланған бағдарлама аясында жастар форумдарға, сараптамалық кездесулерге және жастар жобаларының таныстырылымдарына қатысады.
Кемпингтің алғашқы күні мәдениетаралық диалог пен жастар дипломатиясына арналған интерактивті кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар қатысушылар психологиялық қолдау, экология, цифрландыру және қоғамдық даму бағыттары бойынша жаңа жобалар мен бастамалар әзірлеген хакатон өтті.
Аталған бағыттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған жастардың инновациялық әлеуетін арттыру, цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллект саласындағы білім мен дағдыларды жетілдіру міндеттерімен үндеседі.
Еске салсақ, Алматы қаласына 2025 жылы Түркі әлемінің жастар астанасы мәртебесі берілген болатын. Ал 14 маусымда халықаралық бастаманың жабылу рәсімі өтіп, бұл мәртебе келесі қалаға табысталады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі