Қазақстан мен Қытайдың кітап шығару ісіндегі ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған кездесу өтті

Қазақстан мен Қытайдың кітап шығару ісіндегі ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған кездесу өтті

Астанада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері Қытай Халық Республикасындағы жетекші баспа ұйымдарының бірі саналатын «Феникс» тобының делегациясымен кездесті.

Жиын барысында кітап шығару ісі, кітапхана саласы және цифрлық платформалар бағытындағы әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ оқырман мәдениетін қалыптастыру және кітап оқуды дәріптеу мақсатындағы бірлескен жобалар туралы айтылды.

Тараптар кітап саласындағы ынтымақтастық мәдени байланыстарды нығайтып, екі ел арасындағы достық байланысты бекемдей түсетінін атап өтті.

Кездесу соңында тараптар бірлескен жұмыс тобын құру мүмкіндігін қарастырып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік баспасөз және баспа істері басқармасы арасындағы классикалық шығармаларды аудару және басып шығару жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум жобасын талқылады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі