Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық кеңестердің әлеуетін арттыру жұмыстары жалғасып жатыр

Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық кеңестердің әлеуетін арттыру жұмыстары жалғасып жатыр

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін нығайтуға және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетіктерін жетілдіру бағытында кешенді жұмыс жүргізілді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылардың қатысуымен бұл бағытта нақты шараларды жүзеге асырды. Жаңа тәсілдерді түсіндіру мақсатында жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері мен Қазақстан Азаматтық альянсының өңірлік көшбасшыларына арналған үш оқыту семинары өткізілді.

Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер аясында Қазақстанның Халықаралық медиация ұйымын құру туралы конвенцияға қосылуы бағытында да тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» қағидатын дәріптеу мақсатында үкіметтік емес ұйымдар арасында республикалық байқау ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмысты жандандыру мақсатында Үйлестіру кеңесінің отырысы өтіп, жиын қорытындысы бойынша 16 ұсыныс әзірленді.

Қазір министрлік желісі бойынша мемлекеттік қолдау аясында 32 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып келеді. Олар азаматтық қоғамды дамытуға, жастар саясаты мен балаларға арналған бастамаларды қолдауға, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, инклюзивті ортаны қалыптастыруға, волонтерлік қозғалысты дамытуға және ақпарат саласындағы маңызды міндеттерді іске асыруға бағытталған.

Бүгінде елімізде 264 қоғамдық кеңес (36-сы – республикалық, 228-і – жергілікті деңгейде) жұмыс істейді. Жалпы саны 4 мыңға жуық адам қызмет етеді.

Республикалық және жергілікті қоғамдық кеңестердің жұмысын үйлестіру және тәжірибе алмасу мақсатында министрлік жанынан Үйлестіру орталығы құрылған. 2026 жылы аталған орталық қоғамдық бақылауды дамытуға бағытталған бірқатар іс-шара өткізді. Атап айтқанда, дәрі-дәрмектің бағасына қоғамдық бақылау жүргізу, конституциялық реформаларды іске асыру мәселелерін талқылау және қоғамдық кеңестердің мемлекеттік саясатты қалыптастырудағы рөлін арттыру бағытында жұмыстар атқарылды.

Қоғамдық кеңестер мәдениет, архив ісі, құжаттама және кітап ісі, азаматтық қоғам, мемлекет пен қоғам арасындағы коммуникацияны дамыту, этносаралық қатынастар, ақпарат, дін, жастар және отбасы саясаты бойынша 113 нормативтік-құқықтық акті жобасын қарады.

Қоғамдық кеңестердің қызметі мен қоғамдық бақылау нәтижелері туралы ақпарат KAZKENES.KZ бірыңғай порталында жарияланады. Портал іске қосылғалы бері оған 1,8 миллионға жуық пайдаланушы кірген.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі