Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ жариялаған тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы аясында Сьерра-Леоненің Бомбали ауданында экологиялық және ағартушылық бағыттағы бірқатар іс-шара өтіп жатыр.
Жоба Equiearth Foundation Sierra Leone қорының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Іс-шараға жас волонтерлер жұмылдырылып, оларды оқыту жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге мектептер мен елді мекендерде экологиялық акциялар ұйымдастырылып жатыр. Белсенді жастар климат мәселесіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізумен қатар, аумақтарды тазалау мен ағаш отырғызуға атсалысып келеді. Мектептерде экологиялық білімді дәріптеу мақсатында экоклубтар жұмысын бастады.
Аталған іс-шаралар БҰҰ айқындаған тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған. Атап айтқанда, олар ТДМ 13 «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес», ТДМ 4 «Сапалы білім беру», ТДМ 15 «Құрлық экожүйелерін сақтау», ТДМ 11 «Тұрақты қалалар мен елді мекендерді дамыту» және ТДМ 17 «Тұрақты даму жолындағы әріптестікті нығайту» мақсатымен сабақтасып жатыр.
Бастама волонтерлер қозғалысының экологиялық мәселелерді шешудегі, жергілікті қауымдастықтардың әлеуетін арттырудағы және тұрақты даму мақсатына қол жеткізудегі маңызды рөлін айқын көрсетеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі