Жыл басынан бері Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты білім беру ұйымдарының шәкірттері мыңнан астам жүлделі орын иеленді

Жыл басынан бері Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты білім беру ұйымдарының шәкірттері мыңнан астам жүлделі орын иеленді

Мәдениет саласындағы білім беру жүйесі шығармашыл әрі бәсекеге қабілетті маман даярлау бағытына басымдық береді.

2026 жылдың басынан бері Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты білім беру ұйымдарының 1548 оқушысы мен студенті республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдерге қатысты.

Өнер додаларының қорытындысы бойынша қатысушылардың 1231-і жеңімпаздардың қатарынан көрініп, жүлдегер атанды. Қазақстандық дарынды жастар Германияда өткен «Мир музыки» халықаралық байқауында, Франциядағы Magic Stars of Paris халықаралық байқауында, IV халықаралық «Жібек жолындағы жұлдыздар шұғыласы» жас орындаушылар байқауында, Польшадағы Иоганнес Брамс атындағы байқауда, Қытайдағы Shanghai International Film Festival халықаралық кинофестивалінде, Ресейдегі Екатерина Максимова атындағы XIX «Арабеск-2026» ашық балет әртістері байқауында, сондай-ақ Қазақстанда өткен жас хореографтардың халықаралық фестиваль-байқауында және өзге де беделді өнер алаңдарында үздіктер қатарынан көрінді.

Бүгінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты 10 білім беру ұйымында білікті кадрлар даярлау бағытында жұмыс жүргізіледі. Олардың қатарында 4 жоғары оқу орны, 4 колледж және дарынды балаларға арналған 2 мамандандырылған музыка мектебі бар. Аталған оқу орындарында 11 136 білім алушы оқиды. Оның ішінде 5 950-і жоғары оқу орындарының студенттері болса, 5 186-сы – мектептер мен колледждердің білім алушылары.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі