
Қазақ музыка өнерінің көрнекті қайраткері, композитор, дирижер әрі музыкатанушы Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толуына орай Анкара қаласында іс-шаралар ұйымдастырылды.
Бағдарлама ТҮРКСОЙ, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі және Қазақстан Республикасының Ұлттық музейімен бірлесіп өткізілді.
Мерейтойлық іс-шаралар ТҮРКСОЙ Бас хатшылығы ғимаратында ашылған көрмеден басталды. Мұнда Ахмет Жұбановтың өмір жолы, шығармашылық мұрасы, ғылыми еңбектері таныстырылды.
Бағдарлама аясында ғалым әрі композитордың өмірі мен өнердегі жолы туралы деректі фильм көрсетіліп, Қазақстан мен Түркияның ғылым және мәдениет саласы өкілдерінің қатысуымен халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Мерейтойлық бағдарлама Анкара музыка және көркем өнер университетінің Музаффер Сарысөзен амфитеатры сахнасында өткен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің концертімен аяқталды.
Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған Анкарадағы халықаралық іс-шаралар композитордың өнердегі өнегелі жолын ұлықтап, түркі дүниесіндегі мәдени сабақтастықты одан әрі бекемдей түсті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі