
Ташкент қаласында Орталық Азия елдері мен АҚШ мәдениет министрлерінің C5+1 форматындағы кездесуі аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбековпен кездесті.
Тараптар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Әсіресе әдебиет саласындағы ынтымақтастыққа және театр өнері бағытындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге баса назар аударылды.
Кездесу соңында тараптар 2024-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының толық жүзеге асырылғанын атап өтіп, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі арасындағы 2026-2027 жылдарға арналған мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі жаңа іс-шаралар жоспарына қол қойды.
Аталған құжат екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізу мен ортақ жобаларды іске асыруды көздейді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі