Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы бастамаларға 200 мыңнан астам қазақстандық қатысты

Халықаралық волонтерлер жылы аясындағы бастамаларға 200 мыңнан астам қазақстандық қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ 2026 жылды тұрақты даму мақсатында Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады.

Халықаралық волонтерлер жылы 30 қаңтарда Президенттің қатысуымен өткен Волонтерлер форумынан басталды.

Атаулы жыл шеңберіндегі маңызды іс-шаралардың бірі – 23 сәуірде Астана қаласында өткен «Волонтерлік және экологиялық әрекеттер» сессиясы. Іс-шара Өңірлік экологиялық саммит аясында ұйымдастырылды. Жиынға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Хаолянь Сюй қатысып, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Корея Республикасы, Жапония және Ауғанстаннан келген 200-ге жуық делегат бас қосты.

Волонтерлік қауымдастықтың қатысуымен тарихи-мәдени нысандарды абаттандыруға арналған «Мәдени мұраны бірге сақтайық» акциясы, «Игі істер марафоны» жобасының көктемгі кезеңі және «Таза жағалау – ортақ жауапкершілік» халықаралық экологиялық бастамасы секілді ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар жыл басынан бері «Таза Қазақстан» республикалық акциясына 120 мыңға жуық волонтер атсалысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес,  2030 жылға дейінгі волонтерлік қозғалысты дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Осы мақсатта Қарағанды, Шымкент, Тараз, Қостанай, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында 250-ден астам белсенді волонтердің қатысуымен көшпелі фокус-топ кездесулері өткізілді. Нәтижесінде 120-ға жуық ұсыныс пен бастама жинақталды. Сонымен қатар экологиялық волонтерлікті дамыту бағдарламасы пысықталып жатыр. Бұдан бөлек, биыл Волонтерлікті дамытудың ұлттық индексі мен Волонтердің цифрлық паспорты қолданысқа енгізіледі.

Бүгінде волонтерлердің қызметін үйлестіру жұмыстарын Ұлттық фронт-офис жүзеге асырады. Ел өңірлерінде 20 фронт-офис жұмыс істейді. Сондай-ақ бірыңғай Call-орталық пен 1200-ден астам жобаны және 3884 ұйымды біріктірген Qazvolunteer.kz онлайн платформасы қызмет көрсетеді.

Қазір 56 волонтерлік жоба мен әрқайсысының көлемі 1 миллион теңгені құрайтын 60 шағын грант бөлу жүзеге асырылып жатыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Волонтерлер бағдарламасымен бірлесіп, Алматы қаласындағы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаты жөніндегі өңірлік орталығы базасында «Азиялық волонтерлерді даярлау орталығын» құру мәселесі талқыланып жатыр.

Сонымен қатар Толық қаржыландыру бағдарламасы аясында бес қазақстандық волонтер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ және Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының халықаралық миссияларына қатысу үшін Аргентина мен Қытайға жіберілді.

Мемлекет басшысының бастамасы еліміздегі волонтерлік қозғалыстың дамуына тың серпін берді. Соның нәтижесінде белсенді азаматтар қатары артып, түрлі іс-шараларға қатысқан волонтерлер саны 200 мыңға жетті.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі