
Қазақстанда «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау конкурсына өтінім қабылдау жалғасып жатыр. Құжат қабылдау 2026 жылғы 21 маусымға дейін жалғасады.
Қазіргі таңда грант конкурсына қатысу үшін 439 өтінім түсті.
Грантқа Қазақстан Республикасының 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтары (34 жасты қоса алғанда) үміткер бола алады.
Грант конкурстық негізде келесі 6 бағыт бойынша жобаларды іске асыру үшін беріледі:
«Ғылым» – жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
«Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттауға, ұлттық дәстүр мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
«Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;
«Бизнес» – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
«Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған;
«Волонтерлік» – өзекті, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған волонтерлік жобаларды (бастамаларды) іске асыруға арналған.
2026 жылы республикалық деңгейде әрқайсысы 3 миллион теңге көлеміндегі 30 грант табысталады.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты талантты жастарды қолдау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2021 жылдан бері тағайындалып келеді.
Конкурсқа қатысу тәртібі мен қажетті құжаттар тізімі туралы толық ақпарат ресми сайтта жарияланған.
Толығырақ: https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1205746?lang=kk
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі