
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс критерийлерін жетілдіру бағытында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі үкіметтік емес сектор мен сарапшылар қауымдастығының қатысуымен кешенді жұмыс жүргізді.
Аталған тапсырманы іске асыру мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылып, жекелеген бағыттар бойынша жиындар өткізілді. Сондай-ақ саладағы өзекті мәселелер зерделеніп, халықаралық тәжірибе сараланды.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа қатысты мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Тиісті №297 бұйрыққа 2026 жылғы 8 мамырда қол қойылып, жаңа нормалар 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Негізгі өзгерістер жобаларды қаржыландыру көлеміне қарай дифференцияланған тәсілді енгізуді, жергілікті үкіметтік емес ұйымдарды қолдауды, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс нәтижелерін бағалау кезінде теріс мағынадағы мәндерді жоюды, сондай-ақ техникалық сипаттамалардың нысандарын бекітуді көздейді.
Қабылданған шаралар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ конкурстық рәсімдерді жетілдіруге бағытталады.
Министрлік жаңа нормаларды түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Қазақстанның Азаматтық альянсының өңірлік көшбасшылары мен жергілікті атқарушы орган өкілдеріне арналған арнайы семинар ұйымдастырылды. Жаңа нормаларды түсіндіруге бағытталған шаралар алдағы уақытта да жүргізіледі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі