
Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейіндегі желдету және ауа баптау жүйесін жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жоба Мемлекет басшысының тарихи-мәдени мұраны сақтау және музейлердің материалдық-техникалық базасын нығайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылды.
Орталық Азиядағы ең ірі музейлердің бірі саналатын мекеме үшін инженерлік жүйелерді жаңарту айрықша маңызды. Бүгінде Ұлттық орталық музей қорында археологиялық жәдігерлер, қолжазбалар, құжаттар, өнер туындылары мен Қазақстан тарихынан сыр шертетін өзге де құнды мұраларды қоса алғанда 300 мыңнан астам экспонат сақтаулы.
Заманауи желдету және ауа баптау жүйесі музей қорындағы жәдігерлерді сақтау жағдайын жақсартуға, экспозициялық жұмыстың сапасын арттыруға және келушілерге, зерттеушілер мен музей мамандарына қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру үшін арнайы мердігер ұйым тартылып, қажетті жабдықтар еуропалық өндірушіден тікелей сатып алынды.
Жоба Болат Өтемұратов қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Жұмыстар 2025 жылдың қыркүйегінде басталып, 2026 жылғы 20 мамырда толық аяқталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі