
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес мәдениет саласындағы аса үздік жетістіктері мен Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін театр, музыка, хореография, әдебиет, музей және кітапхана ісі, реставрация, медиа саласы, қоғамдық және волонтерлік қызмет өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Ең жоғары мемлекеттік награда саналатын «Отан» ордені «Ұлттық өнер» ЖШС директоры Татьяна Бурмистроваға табысталды. Домбырашы әрі терме орындаушысы ұзақ жылдар бойы қазақтың ән-күй мұрасын насихаттап, халық өнерін дәріптеуде еңбек етіп жүр. Татьяна Бурмистрованың бастамасымен құрылған «Ұлттық өнер» орталығы халық ауыз әдебиеті арқылы рухани құндылықтарды ұлықтау және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында жұмыс істейді.
ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Қазақстанның халық әртісі, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерттің» солисі Мақпал Жүнісова марапатталды. Өнер иесі шығармашылық жолын әйгілі «Гүлдер» ансамблінің ұжымында бастаған. Қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасы бар әнші арада қанша жыл өтсе де, халық ықыласына бөленіп келеді. Мақпал Жүнісованың орындауындағы «Ана туралы жыр», «Сағындым Алматымды», «Қазағым» әндері ұлттық музыка өнерінің алтын қорына енген.
ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Марина Ганцева мен Жұмагүл Мейрамоваға табысталды. Марина Ганцева қырық жылдан астам уақыт бойы Михаил Лермонтов атындағы ұлттық орыс драма театрының сахнасында өнер көрсетіп келеді. Актриса сахнадағы шынайы болмысы және классикалық әрі заманауи қойылымдардағы жарқын рөлдерімен танымал. Жұмагүл Мейрамова – театр және кино актрисасы, профессор әрі театр педагогі. Шығармашылық және ұстаздық жолы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрындағы қызметімен тығыз байланысты.
«Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы Бақтияр Қожаға, Нина Макароваға және Азат Сейітметовке берілді. Бақтияр Қожа – М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әртісі. Ол ұлттық классика мен заманауи драматургиядағы жарқын образдары, сондай-ақ отандық кинодағы рөлдері арқылы көпшілікке кеңінен танылды. Нина Макарова жарты ғасырдан астам уақытын А.П. Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театрының сахна өнеріне арнады. Азат Сейітметов – М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актері, ұлттық театр мектебінің тағылымын кейінгі буынға жеткізіп жүрген сахна шебері.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы музыка, театр, хореография және бейнелеу өнері саласының өкілдеріне табысталды. Олардың қатарында Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры симфониялық оркестрінің бас дирижері Ерлан Бейсембаев бар. Оның жетекшілігімен ұжым классикалық, камералық және сахналық репертуарды дамыту бағытында еңбек етіп келеді. Нұрлан Бекенов – Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ оркестрінің дирижері, музыкалық шығармалар мен оқу-әдістемелік еңбектердің авторы. Расул Жармағамбетов – «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі, Бибігүл Төлегенова және Нұржамал Үсенбаева атындағы халықаралық вокалдық байқаулардың Гран-при иегері. Сондай-ақ бұл атаққа Астана қаласының суретшілер одағын басқарып, жас суретшілерге қолдау көрсетіп жүрген Өмірәлі Исмайылов, ақын-драматург әрі дәстүрлі өнер өкілі Серік Қалиев, Қазақстан Православие шіркеуі митрополиялық хорының регенті Олег Овчинников және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, концертмейстер әрі педагог Игорь Олексенко ие болды. Марапатталғандар қатарында Бикен Римова атындағы Академиялық драма театрдың актері, режиссер әрі драматург ретінде танылған Базарбек Тоқымтаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры, мәдени жобалардың авторы әрі продюсері Айнұр Көпбасарова да бар. Сонымен қатар Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Оралбек Сарыбасовқа бұл награда телевизия, музыка мұрасы мен педагогика саласының дамуына қосқан үлесі үшін берілді. Ал А.Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театрының актрисасы Ольга Светенкова классикалық және заманауи қойылымдардағы жарқын образдарымен көрермен ықыласына бөленген өнер иесі ретінде атап өтілді.
Өнер, әдебиет және білім саласының өкілдері «Парасат» орденімен марапатталды. Олардың қатарында К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы Салтанат Әбілханова мен Қазақстанның халық әртісі, еліміздегі корей би өнерінің дамуына үлес қосып жүрген, балаларға арналған корей би мектебінің негізін қалаушы Римма Ким бар. Ақын, аудармашы әрі ғалым Оңайгүл Тұржан аталмыш марапат табысталды. Бүгінде ақынның поэзиялық жинақтары мен ғылыми еңбектері шетел тілдеріне аударылған. Әнші, композитор және Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің жетекшісі Жеңіс Сейдуллаұлы, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театрының актрисасы Мәкен Рахымжанова да марапат иелерінің қатарынан көрінді. Марапатталғандар қатарындағы ақын әрі публицист Қайыр Рахметуллин туған жер, рухани құндылық пен тарихи тағылым тақырыптарын шығармашылығына арқау еткен қаламгер ретінде танылса, «Қазақконцерттің» солисі Ақбота Керімбекова отандық және шетелдік композиторлардың 300-ге жуық шығармасын орындап жүрген өнер иесі ретінде атап өтілді.
ІІ дәрежелі «Достық» орденімен Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Зорлу Кюршад марапатталды. Оның қызметі түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
«Құрмет» ордені мәдениет саласының әртүрлі бағытының өкілдеріне табысталды. Олардың қатарында Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының директоры, композитор әрі «Дервиши» тобының жетекшісі Дилмурат Бахаров бар. Аталмыш марапат «Астана Опера» оркестрінің концертмейстері, бірнеше буын музыкантты тәрбиелеген педагог Сәбит Дайыров пен «Дервиши» тобының мүшесі, The Magic of Nomads этно-фольклорлық жобасының қатысушысы Ермек Дияровқа берілді. Құрманбек Жүгінісов ұзақ жылдар бойы «Отырар сазы» оркестрінің құрамында өнер көрсетіп, қазақ өнерін шетел сахналарында танытып жүрген өнер иесі ретінде атап өтілді. Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармонияның концертмейстері Айнаш Қабыкенова фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер мен халық аспаптары оркестрлерінің дамуына қосқан үлесі үшін марапатталды. Композитор, музыкатанушы, педагог әрі А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің директоры Ая Қалиева да мәдени жобаларды жүзеге асырып, өнер қайраткерлерін ұлықтауға бағытталған бастамаларымен танылған. «Құрмет» орденімен марапатталғандар қатарында театр және кино актері Асан Мәжит, әнші әрі актер Дастан Оразбеков, Музыкалық жас көрермен театрының актері Аян Өтепберген, ақын әрі публицист Сұраған Рахмет, әнші-композитор Медет Салықов, «Астана Балет» театрының жетекші солисі Сүндет Сұлтанов және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің әртісі Нұрлан Төлегенов бар. Сондай-ақ бұл наградаға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, Қазақ ұлттық хореография академиясының оқытушысы Светлана Кокшинова, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Базарбай Алтаев, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының директоры Александр Совостьянов, мәдениет қайраткері Майра Гумарова және А.Тарақұлы атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің әртісі Жеткізген Сейітов ие болды. Олар мемлекеттік басқару, хореографиялық білім беру, тарихи-мәдени мұраны сақтау, театр менеджментін дамыту, халықаралық мәдени жобаларды жүзеге асыру және жыраулық өнерді насихаттауда айрықша үлес қосып жүр.
«Ерен еңбегі үшін» медалі музей ісі, реставрация, журналистика, театр және кино саласының өкілдеріне табысталды. Олардың қатарында заманауи медиа арқылы кітап оқу мәдениеті мен әдеби мұраны насихаттап жүрген журналист, блогер әрі медиапродюсер Әлия Әшім, отандық кино мен тележобаларда белсенді еңбек етіп жүрген актер Жасұлан Көпберген бар. Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры, марапат иесі Ләззат Сағындықованың жетекшілігімен музей экспозицияларын әзірлеу, ескерткіштерді есепке алу және халықаралық көрмелер ұйымдастыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Сонымен қатар медаль Музыкалық жас көрермен театрының әншісі әрі актері, халықаралық «Voice Beyond Horizon» шоуының жеңімпазы Нұржас Сәдірбаевқа, «Қазреставрация» мекемесінің бас директоры Олжас Шарияздановқа және ҚР Ұлттық музейінің көркем безендіру және дизайн бөлімінің жетекшісі Нұра Бимурзаеваға табысталды.
«Шапағат» медалі қоғамдық, ағартушылық және мәдени бастамаларға үлес қосқан азаматтарға берілді. Олардың қатарында Қостанай облыстық Л.Толстой атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Сәния Безаубек, суретші әрі педагог Мария Крапп, мәдени мұраны сақтау мен волонтерлікті дамытуға үлес қосып жүрген Марина және Андрей Лутошкиндер бар. Театр мәдениетін насихаттап жүрген драматург әрі арт-менеджер Ольга Малышева мен халықаралық мәдени байланыстар және креативті жобалар бағытында еңбек етіп жүрген Magister Art ұйымының президенті Ренато Сапоритоға аталмыш марапат табысталды.
Мемлекеттік наградалар – ұлттық мәдени мұраны сақтап, қазақ өнерін дамытуға және елдің рухани кеңістігін байытуға үлес қосып жүрген азаматтардың ұзақ жылғы еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі