Астанада әйелдердің көшбасшылық әлеуетін арттыруға және олардың елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысуына бағытталған үш күндік тренинг басталды.
Іс-шараға еліміздің әр өңірінен саяси партиялар мен азаматтық секторда еңбек етіп жүрген 60 әйел жиналды.
Тренинг қатысушыларына ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау хатын жолдады. Үкімет басшысының орынбасары өз құттықтауында еліміз гендерлік теңдік саясатын жүйелі түрде іске асырып, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшін қажетті институционалдық және құқықтық жағдайларды қалыптастырып келетінін атап өтті.
Жиынды Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырды.
Үш күнге жалғасатын тренинг барысында қатысушылар елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуға қажетті білігін шыңдайды. Бағдарламада сайлаушылармен байланыс орнату, пікірсайыс мәдениетін қалыптастыру, көпшілік алдында еркін сөйлеу және түрлі жағдайларда шешім қабылдау дағдыларын дамытуға басымдық беріледі.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі