
Ұлттық кітап күніне орай Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында «Шетелдік қорлардағы құнды жазба мұралар» каталог-альбомының II томының таныстырылымы өтті. Жинақта қазақ, араб, парсы, шағатай және түркі тілдеріндегі 72 қолжазба мен сирек басылымның библиографиялық сипаттамасы берілген. Материалдар ғылыми археографиялық экспедициялар мен шетелдік қорларда жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жинақталған.
Сондай-ақ, «Ұлы даланың жазба мұралары» атты тұрақты экспозицияның виртуал нұсқасы таныстырылды. Экспозиция шамамен 50-ге жуық көшірмені қамтып, Түрік қағанаты, Қарахан мемлекеті, Алтын Орда және Қазақ хандығы кезеңдеріне арналған төрт бөлімнен тұрады.
Жоба заманауи технологиялар негізінде әзірленген. Платформада QR-кодтар арқылы сирек қолжазбалар мен басылымдар туралы мәлімет алып, тарихи мұрамен танысуға болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі