
Арменияда «Мегри – ТМД-ның мәдени астанасы – 2026» бағдарламасының ресми ашылу рәсімі өтті. Жиынға Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген өкілдер қатысты.
Іс-шаралар қатарында Агарак мәдениет үйі маңында ұйымдастырылған «Арт-Экспо» көрмесі ерекше орын алды. ТМД елдерінің өкілдері ұлттық павильондарда халық шығармашылығының туындыларын және өз елдерінің болмысы мен дәстүрін айшықтайтын өнімдерді көпшілік назарына ұсынды.
Жұмыс сапары барысында қазақстандық тарап Армениямен мәдени-гуманитарлық бағытта да, мемлекетаралық байланыстар аясында да әріптестікті одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді. ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықовтың айтуынша, бұл бағыттағы серіктестік жыл өткен сайын нығайып келеді. Былтыр Ереванда Қазақстанның мәдени күндері өтіп, 2024 жылы Астанада Арменияның мәдени күндері ұйымдастырылды. Сонымен қатар армян және өзге де шетелдік әріптестер биыл Қазақстанда өтетін бірқатар халықаралық іс-шараларға, соның ішінде түркі мәдени мұрасына арналған жобаларға қатысуға шақырылды.
Сапар барысында Арменияның тарихи-мәдени мұрасымен танысуға да айрықша көңіл бөлінді. Қатысушылар Мегридегі бірқатар мәдени ескерткіштерді аралап, олардың тарихи әрі көркемдік құндылығын жоғары бағалады. Соның ішінде бірегей фрескаларымен танымал ортағасырлық Әулие Ованес шіркеуі ерекше аталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі