
ҚР Президенті жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Снежанна Имашева елордадағы «Жанұя» отбасын қолдау орталығына барып, осы бағыттағы қызметтің жай-күйімен танысты.
Кездесу барысында тұрмыстық қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс жүргізудің қолданыстағы тетіктері таныстырылды.
Бүгінде республика көлемінде 157 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтарда азаматтарға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Сонымен қатар отбасылардағы мәселелерді ерте анықтауға бағытталған мобильді топтар жұмыс істейді.
Орталықтардың қызметі кешенді сүйемелдеу қағидатына негізделген. Яғни, азаматтардың алғашқы өтінішінен бастап нақты нәтижеге дейінгі барлық кезең қамтылады.
Маңызды бағыттардың бірі – цифрлық шешімдерді енгізу. FSM Social жүйесі өтініштерді тіркеуді, мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіруді және олардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етеді.
Орталықтардың қызметі отбасылардағы түйткілдерді ерте анықтауға, мәселелердің ушығуына жол бермеуге және тиісті шараларды дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі