
2026 жылғы 6-10 сәуір аралығында Қазақстанда QAZMEDFEST республикалық фестивалі өтті.
Іс-шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Медицина жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі тарапынан ұйымдастырылды. Фестиваль жастар арасында волонтерлік қозғалысты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және әлеуметтік бастамаларды қолдауға бағытталды.
Фестиваль еліміздің алты қаласын қамтыды: Астана, Алматы, Шымкент, Семей, Ақтөбе және Қарағанды. Барлығы 13 әлеуметтік маңызы бар іс-шара ұйымдастырылып, оған 1 мыңнан астам қазақстандық жас қатысты.
Атап айтқанда, Алматыда Дүниежүзілік денсаулық күніне орай салауатты өмір салтын насихаттауға арналған марафон өтті, Шымкентте донорлық акция аясында 50 студент қан тапсырды, ал Семейде волонтерлер облыстық хосписке барып, медициналық және қайырымдылық көмек көрсетті.
Сонымен қатар фестиваль аясында мектеп оқушыларына арналған кәсіптік бағдар беру іс-шаралары ұйымдастырылды. Қатысушылар медициналық мамандықтармен және бейінді жоғары оқу орындарының білім беру мүмкіндіктерімен танысты.
QAZMEDFEST – 2026 жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға және волонтерлік қозғалысты дамытуға ықпал еткен маңызды алаңға айналды.
Фестивальдің қорытындысы ретінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жалпыұлттық сенбілік өткізу жоспарланған. Ол еліміздің барлық өңірінде өтеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі