
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен «Яндекс Қазақстан» компаниясының арасында жасалған екіжақты меморандум аясында академия студенттері «Кинопоиск» редакторлары жүргізген «Сериал драматургиясы» бағыты бойынша бес айлық арнайы курстан өтті.
Оқытуға «Кино және телевидение» факультетінің 12 студенті қатысты. Курс қорытындысы бойынша бес сериал жобасы әзірленді. Мұндай білім беру тәжірибесі болашақ мамандардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Қазақстандағы кино саласына білікті кадрлардың келуіне жол ашады. Әріптестік креативті индустрия мен цифрлық технологияларды дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар курсты аяқтаған студенттерге Жоғары экономика мектебі жанындағы Кино институтының онлайн бағдарламасы бойынша алты ай бойы тегін білім алу мүмкіндігі ұсынылды.
Бұл әріптестік академиядағы білім беру сапасын халықаралық талаптарға жақындатуға ықпал етеді. Осындай бастамалар түрлі бағытта білім алып жатқан студенттердің жан-жақты дамуына жағдай жасап, жоғары оқу орнын аяқтамай-ақ нақты кәсіби дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі