
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ақын Серікбай Оспанұлымен «Сарқылмас кеудем менің ойдың кені» атты шығармашылық кездесу өтті.
Ақын шәкірттерінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кездесу аясында автордың әдебиет, рухани мұра және ұлттық құндылықтар тақырыбын арқау еткен «Ыбырай жолы», «Ахметтану», «Ақынның жаны», «Мейірім бастауы – бесік жыры» және «Серікбай: лебіз, ілтипат» атты еңбектерінің тұсаукесері өтті.
Серікбай Оспанұлының шығармашылығы оқырман қауымға кеңінен таныс. Оның «Жер жүрегі», «Жарқын жастық», «Қайнарбұлақ», «Алтын арқау» поэзиялық жинақтары қазіргі қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді.
Ақынның 200-ден астам өлеңіне ән жазылып, олардың бірқатары халық арасына кең тараған. Атап айтқанда, «Шилі өзен», «Сағындым Алматымды», «Айлы түнде» әндері тыңдарманның ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Сонымен қатар, Серікбай Оспанұлы балалар әдебиетіне де ерекше үлес қосып келеді. Оның осы бағыттағы туындылары мектеп бағдарламасының «Ана тілі» және «Қазақ тілі» пәндерінің оқулықтарына енгізілген.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі