Қазақстан Ферғана қаласында өткен «Достық стеласы» конференциясына қатысты

Қазақстан Ферғана қаласында өткен «Достық стеласы» конференциясына қатысты

Өзбекстанның Ферғана қаласында «Достық стеласы» – бауырлас мемлекеттер арасындағы достық, тату көршілік, сенім және стратегиялық әріптестік нышаны» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және Тәжікстан мемлекеттерінің зиялы қауым өкілдері, ғалымдар және этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты. Қазақстан делегациясының құрамына Астана, Шымкент қалалары мен Түркістан және Жамбыл облыстарынан қоғам қайраткерлері мен сарапшылар енді.

Конференция барысында қатысушылар қоғамдық келісімді нығайту, мәдениетаралық байланыс пен аймақтық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Қазақстандық делегация қоғамдық келісім мен бірліктің қазақстандық моделінің маңыздылығын, сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен өзара түсіністікті нығайтудағы этномәдени бірлестіктердің рөлі туралы жеткізді.

Жиын нәтижесінде Орталық Азия елдері арасындағы мәдени-рухани байланыстарды нығайту мен ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған ұсыныстар жасалды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі