
Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының ұйымдастыруымен «Таңбалы: Бабалар коды» халықаралық көрмесінің ашылуы өтті.
Көрме – «Таңбалы» музей-қорығы мен фотосуретші Владислав Кимнің бірлескен жобасы. Экспозиция Таңбалы петроглифтерін заманауи өнер мен цифрлық технологиялар арқылы жаңа қырынан таныстыруды мақсат етеді. Жобаның басты ұстанымы – аутенттілікті сақтау және түпнұсқаны қорғау.
Көрменің ашылуына Алматыдағы ЮНЕСКО-ның өңірлік өкілдері, жартас өнерін зерттейтін шетелдік жетекші мамандар, Бүкіләлемдік мұра нысандарының басшылары, сондай-ақ отандық археологтар, тарихшылар, этнологтар, мәдениеттанушылар, музей саласының мамандары, білім беру ұйымдары мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.
ЮНЕСКО-ның мәдениет мәселелері жөніндегі өңірлік өкілі Филипп Деланж көрменің Қазақстандағы мәдени мұраны сақтау күн тәртібі үшін маңызды кезеңде өтіп жатқанын атап өтті.
«Көрменің өтуі Қазақстан Республикасы Үкіметінің ЮНЕСКО және ИСЕСКО аясында 2026–2028 жылдарға арналған мәдени мұраны сақтау және ілгерілету жөніндегі кешенді жоспарды бекітуімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл жоспар Дүниежүзілік мұра нысандарын қорғауды күшейтуге, қоғамдық қатысуды кеңейтуге және мұраны сақтаудың заманауи тәсілдерін енгізуге бағытталған. ЮНЕСКО-мен бірлескен бұл бастама Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Таңбалыны сақтау, қорғау және дамытуға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Филипп Деланж.
Жобаның негізгі мақсаты – Таңбалы петроглифтерін тірі мәдени мұра ретінде кеңінен таныту және заманауи көркемдік құралдар арқылы осы бірегей ескерткішке қолжетімділікті арттыру. Экспозицияға жартас суреттерінің фототуындылары, Таңбалы петроглифтері негізінде жасалған арт-нысандар, сондай-ақ, жасанды интеллект арқылы жүзеге асырылған мультимедиялық технологиялар енгізілді. Келушілер үшін көрме каталогы мен көне бейнелер негізінде әзірленген авторлық сувенирлік өнімдер де ұсынылды.
Айта кету керек, Таңбалы ескерткішінің халықаралық мәртебесі жобаға айрықша маңыз береді. Таңбалы археологиялық ландшафты 2004 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген. Оның аумағында шамамен 5 мың петроглиф, сондай-ақ қоныстар мен қорымдар шоғырланған. Олар қола дәуірінен бастап XX ғасырдың басына дейінгі мал шаруашылығы мәдениетінің, әлеуметтік құрылым мен салт-дәстүрлердің дамуын бейнелейді.
Бағдарламаның қорытынды бөлігі ретінде жартас өнері нысандарын сақтау, зерттеу және насихаттаудың заманауи тәсілдеріне арналған «Жартас суреттерін витринасыз ұсыну: жартас өнерін таныстыру және кеңінен насихаттаудың заманауи тәсілдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі