
Бейжің қаласында Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының ашылуы аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Насихат бөлімінің меңгерушісі Ли Шулэймен кездесті.
Келіссөз барысында тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты одан әрі дамытудың перспективаларын және бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Аида Балаева Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтіп, оны алдағы уақытта да кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
«Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас жан-жақты стратегиялық әріптестіктің бұрын-соңды болмаған биік деңгейіне көтерілді. Бұл, сөзсіз, мемлекеттеріміз басшыларының зор еңбегінің нәтижесі. Біз өз тарапымыздан ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және елдеріміз арасындағы ықпалдастықты кеңейтуге мүдделіміз. Мәдени алмасу жылы аясында бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Атап айтқанда, креативті индустриялар фестивалін, театр және цирк фестивальдерін өткізуге болады. Былтыр Бейжіңде Қазақстанның мәдени орталығы ашылғанын атап өткім келеді. Бұл мәдени байланыстарды нығайтуға қосымша мүмкіндік береді», – деді Мәдениет және ақпарат министрі.
Өз кезегінде Ли Шулэй Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылының өтуі екі ел халқының жақындасуына серпін беретін маңызды фактор болатынына сенім білдірді.
«Қытай мен Қазақстан – сенімді достар әрі стратегиялық серіктестер. Біздің қарым-қатынасымыз стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекеттеріміздің басшылары осы жылды Мәдени алмасу жылы деп жариялады. Біз бұл оқиғаға айрықша мән береміз және оның аясында ұйымдастыруға болатын іс-шараларды талқылауға әзірміз», – деді Ли Шулэй.
Кездесу барысында тараптар бірлескен жобаларды дамытуға қатысты бірқатар бастама көтерді. Әсіресе киноиндустрия саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Аида Балаева Қытай аудиториясының қазақстандық кино үшін зор әлеуетке ие және ірі кинокомпаниялармен әріптестік орнатуға мүмкіндік мол екенін атап өтті.
Сондай-ақ, тараптар бірлескен деректі және көркем фильмдер түсіру, оларды кейін екі ел аумағында ілгерілету мәселелерін талқылады. Ли Шулэй қазақстандық кинематографистерді Шанхай халықаралық кинофестиваліне қатысуға шақырып, бұл алаңның киноны дамыту және мәдени байланыстарды нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.
Бұдан бөлек, тараптар бейнелеу өнері саласындағы ынтымақтастықтың келешегіне тоқталып, бірлескен пленэрлер мен көрмелер ұйымдастыру, сондай-ақ екі ел суретшілері арасындағы шығармашылық байланысты дамыту мәселелерін сөз етті.
Сонымен қатар қазақстандық және қытайлық авторлардың шығармаларын өзара аудару мәселелері талқыланды. Әдеби туындыларды экрандаудың әлеуетіне де назар аударылды. Бұдан өзге, гастрольдер мен бірлескен қойылымдарды қамтитын театр саласындағы ынтымақтастық мәселелері де көтерілді.
Басым бағыттардың бірі ретінде туризмді дамыту, оның ішінде медиа өкілдері үшін таныстыру турларын ұйымдастыру мәселесі де айқындалды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі