
Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесе «Өткеннің өнегесі – бүгіннің белесі» көрмесі ашылды. Аталған көрме Қазақстан археологиясындағы алғашқы академиялық экспедициялардың бірі – Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының 80 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Экспозицияда музейдің археологиялық қорынан алынған бірегей материалдар ұсынылып, Орталық Қазақстанның ежелгі тарихын зерттеудегі экспедицияның үлесі мен отандық археология ғылымының қалыптасу кезеңдері көрініс тапты.
Көрмеге музей қорына ең алғашқы болып тапсырылған 1946-1949 жылдары Атасу І, Атасу ІІ, Бұғылы І-ІІ қоныстарындағы қазба жұмыстары барысында табылған артефактілер қойылды, оларды музейге 1957 жылы Ә.Х. Марғұлан өткізген.
Экспозиция үш тақырыптық бөлімді қамтыды. Бірінші бөлім Орталық Қазақстан аумағындағы қоныстар мен қорымдардан табылған қола дәуірінің материалдарынан тұрады. Мұнда әшекей бұйымдар, тұмарлар, қола моншақтар, керамикалық ыдыстар, сондай-ақ қару-жарақ пен ат әбзелдері ұсынылған.
Екінші бөлім ерте темір дәуіріне арналған. Онда Тасмола мәдениетіне тән артефактілер, сондай-ақ Ақмұстафа, Қарамұрын, Толағай қорымдарынан табылған жәдігерлер қойылған. Бұл материалдар ежелгі көшпелілердің тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін және әскери дәстүрін айқын сипаттайды.
Үшінші бөлім келушілерді ортағасырлар дәуірімен таныстырды. Бұл бөлімде Сырлытам, Болған ана және Жошы хан кесенелерінен алынған сәулеттік қаптама тақташалар, тас мүсіндер мен қыш ыдыстар қойылған. Аталған экспонаттар ортағасырлық Қазақстандағы өнер мен сәулет өнерінің жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді.
Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы 1946 жылы академик Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен құрылған. Экспедицияға көрнекті ғалым, тарихшы-археолог Әлкей Марғұлан жетекшілік етті. Көпжылдық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде экспедиция аймақтың ежелгі тарихына қатысты құнды ғылыми деректерді жинақтап, Қазақстан археология ғылымының дамуында маңызды рөл атқарды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі