Ахмет Жұбанов атындағы мектептің жас музыканттары TURAQTY JOL 7.0 эконауқанының іске қосылуына қатысты

Ахмет Жұбанов атындағы мектептің жас музыканттары TURAQTY JOL 7.0 эконауқанының іске қосылуына қатысты

Алматыда «Жер сағаты» халықаралық бастамасы аясында TURAQTY JOL 7.0 ұлттық әлеуметтік эконауқанының ресми ашылуы өтті. Кештің басты оқиғасы – Almaty Theatre сахнасында Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының Giovani Talenti жастар камералық оркестрі ұсынған Symphony of Earth акустикалық концерті болды.

Академиялық музыка мен экологиялық тақырыпты ұштастырған кеш unplugged форматында ұйымдастырылды. «Жер сағатын» қолдау мақсатында театр ғимаратындағы жарық сөндіріліп, концерт электр энергиясын пайдаланбай өткізілді. Бұл формат табиғатты қорғау мен ресурстарды саналы тұтынудың маңыздылығын жеткізуді көздейді.

Ахмет Жұбанов атындағы мектептің жас музыканттары қазақстандық композиторлардың шығармаларымен қатар, Иоганн Себастьян Бах, Антонио Вивальди, Арво Пярт, Астор Пьяццолла, Жюль Массне сынды әлемдік музыка классиктерінің туындыларын орындады. Бағдарламаның басты ерекшелігі – еуропалық және қазақ музыкалық дәстүрлерінің үйлесімді синтезі болды.

TURAQTY JOL жобасы өскелең ұрпақ арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Эконауқан Қазақстандағы ЮНЕСКО серіктестерінің қолдауымен Қазақстанның Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясы тарапынан жүзеге асырылуда.

Эконауқанның іске қосылуы аясында 14–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған Youth Eco Camp TURAQTY JOL 7.0 жобасына өтінім қабылдау жарияланды. Өтінімдер 28 мамырға дейін қабылданады, ал финалдық кезең 26 шілде мен 1 тамыз аралығында Алматы қаласында өтеді. Жобаның жалпы жүлде қоры 5 млн теңгені құрайды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі