Жаңа Конституция және жастар: республикалық референдум қорытындылары сараптамалық кездесуде талқыланды

Жаңа Конституция және жастар: республикалық референдум қорытындылары сараптамалық кездесуде талқыланды

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің алаңында республикалық референдум қорытындыларын талқылауға арналған сараптамалық кездесу өткізді. Іс-шараға сарапшылар мен академиялық қауымдастық өкілдері, сондай-ақ университет студенттері қатысты.

Кездесу ашық пікірталас форматында өтті. Қатысушылар жаңартылған Конституцияның бірқатар баптары әлеуметтік зерттеулерде айқындалған жастардың негізгі сұраныстарына тікелей жауап беретінін атап өтті.

Жиында конституциялық деңгейде бекітілген цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. «Жастар» ҒЗО деректеріне сәйкес, жастардың 80%-дан астамы күн сайын цифрлық орта арқылы ақпарат алып, өзара байланыс орнатып, білімін жетілдіріп, еңбек етіп, тұлғалық дамумен айналысады. Бұл ретте респонденттердің 65%-ы жеке деректердің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдірсе, 55%-ы әлеуметтік желілер мен цифрлық сервистердегі қорғаныс деңгейін жеткіліксіз деп бағалайды.

Бұл көрсеткіштер қазіргі жағдайда тек технологияларға қолжетімділіктің жеткілікті болуы ғана емес, сонымен қатар цифрлық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру және жастардың онлайн кеңістіктегі құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету аса маңызды екенін көрсетеді.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар өткен референдум ел дамуының маңызды кезеңі болғанын атап өтті. Сонымен қатар әлеуметтік-саяси жүйені одан әрі жетілдіру жастардың белсенді қатысуын, қоғамдық көңіл-күйді тұрақты талдауды және мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуды талап ететіні айтылды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі