2026 жылдың үш айында республикалық театрларға 170 мыңнан астам көрермен барды

2026 жылдың үш айында республикалық театрларға 170 мыңнан астам көрермен барды

27 наурызда Дүниежүзілік театр күні аталып өтеді. Қазақстан үшін бұл айтулы дата театр қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ғана емес, сонымен қатар театр өнерінің жүйелі дамуын, көрермен қызығушылығының артуын және отандық театрлардың шығармашылық белсенділігінің кеңеюін айшықтайтын маңызды күн.

Бүгінде елде 70-тен астам театр жұмыс істейді, оның 57-сі – мемлекеттік театрлар. Олардың 11-і республикалық және 46-сы өңірлік театрлар санатында. Бұл көрсеткіштер театр өнерінің елдің мәдени өміріндегі елеулі орнын айқындай түседі.

Мәселен, 2025 жылы мемлекеттік театрларда 410 жаңа қойылымның премьерасы өтті. Сонымен қатар республика театрлары 539 гастрольдік сапар ұйымдастырды, оның ішінде 495-і Қазақстан ішінде, 44-і шетелде өтті. Жыл бойы барлығы 16 мың қойылым сахналанып, оларды 2 832 835 көрермен тамашалады.

Театр саласының ілгерілеуі тек қойылымдармен емес, түрлі фестивальдердегі табыстармен де өлшенеді. 2025 жылы отандық театр қайраткерлері 101 халықаралық және 90 республикалық фестивальдар мен байқауларға қатысты. Осы іс-шаралардың нәтижесі бойынша қазақстандық театрлардың 13 қойылымы «Гран-при» және «Ең үздік спектакль» номинациялары бойынша марапатталды.

Ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында республикалық театрлар 170 927 адамға қызмет көрсетті. Бұл көрермен сұранысының тұрақтылығы мен аудиторияның жоғары қызығушылығын көрсетеді.

Жыл басынан бері республикалық театрларда «Қорғансыз», «Қазақи комедия немесе Бонапарттың үйленуі» және «Шолпанның күнәсі» спектакльдерінің премьералары өтті.

Дүниежүзілік театр күніне орай бірқатар премьералар мен арнайы шаралар жоспарланған. Олардың қатарында «Астана Балет» театрындағы «Болеро Х» спектаклі, Михаил Лермонтов атындағы театрдағы «Женитьба (совершенно невероятное сновидение)» комедиясының премьерасы, Құддыс Қожамияров атындағы Ұйғыр музыкалық комедия театрындағы «Бунт невесток» («Келіндер көтерілісі») спектаклі және «Altyn Saqa – 2026» жаңа қойылымдар фестивалі мен Ғабит Мүсірепов атындағы театрдағы «Театр түні» шарасы бар.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі