
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Green Steppe жобасы аясында бүкіл ел бойынша «Мейірімді тазару» акциясы өтті. Іс-шараны «Ұлттық волонтерлер желісі» бірлестігі ұйымдастырды.
Акцияға 200-ден астам волонтер, сондай-ақ жастар ресурстық орталықтары мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Бастама аясында Шымкент қаласында және Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстарында жергілікті деңгейдегі алты акция ұйымдастырылды.
Волонтерлер қарттар мен ардагерлерге көмек көрсетіп, аулалар мен қоғамдық аумақтарды қар мен мұздан тазартты. Сонымен қатар су тасқынының алдын алу мақсатында абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Аталған бастама қоғамдық ынтымақтастықты нығайту мен өзара көмек мәдениетін қалыптастыруда волонтерлік қозғалыстың маңызын айқын көрсетті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі