
Ұлыстың ұлы күніне орай «EXPO» халықаралық көрме орталығында мерекелік концерт өтті. Іс-шараны Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.
Әз-Наурыз мейрамына арналған мерекелік концертте салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындар ұсынылып, көрермен халық әуендері мен күй тартыс сынды ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін тамашалады.
Концертте белгілі отандық әншілер мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Атап айтсақ, Қазақстанның Халық әртісі Әлішер Кәрімов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлсәнім Жұмағалиева мен Ардақ Балажанова, сондай-ақ Асылхан Шалқаров, Ұлпан Әбдікәрімова, Сұлтан Ахмет, Рүстем Нұржігіт және т.б. өнер жұлдыздары танымал эстрадалық әндер мен халық композиторларының шығармаларын орындады.
Бағдарламада Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры және Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясы, Астана балет театры, «Жошы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының «Вайнах» халықтық ансамблі, «Шаттық» және «Гүлдер» би ұжымдары қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі