
Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде ертегілер жинақталған аудиокітаптардың тұсаукесері өтті. Жоба «Мектеп» баспасымен бірлесіп жүзеге асқан, жинақ қазақ тілінде жарық көрді.
Іс-шараға «Мектеп» баспасының өкілдері, архив саласының мамандары, білім беру ұйымдарының қызметкерлері, кітапхана жүйесінің өкілдері, сондай-ақ мәдени және ғылыми мекемелердің мамандары қатысты.
Алғашқы басылымда 16 түрлі ертегі жарық көрді. Аудиокітапты Серке Қожамқұлов, Торғын Тасыбекова, Қасым Жәкібаев, Райымбек Сейтметов сынды қазақ өнерінің көрнекті өкілдері дыбыстаған. Олар халық ертегілерін ерекше нақышпен оқып, ұлттық мәдениетіміздің терең мазмұны мен көркемдік ерекшелігін кейінгі ұрпаққа жеткізді.
Басылымда ертегілер тек мәтін түрінде ұсынылып қана қоймай, QR-код арқылы кәсіби актерлердің орындауындағы дыбыстық нұсқасын тыңдай алады.
Іс-шара барысында жобаның әзірлену барысы таныстырылып, фольклорлық мұраны сақтау және кеңінен насихаттау мәселелері төңірегінде пікір алмасты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі