Ұлттық орталық музейде «Ұлы дала ойындары: тарих пен дәстүр» көрмесі ашылды

Ұлттық орталық музейде  «Ұлы дала ойындары: тарих пен дәстүр» көрмесі ашылды

ҚР Ұлттық орталық музейінде «Наурызнама» онкүндігі аясындағы Ұлттық спорт күніне орай «Ұлы дала ойындары: тарих пен дәстүр» көрмесі ашылды.

Экспозицияда 1947 жылғы этнографиялық экспедиция барысында түсірілген фотоматериалдар және басқа да дәстүрлі ойындарға қатысты бұйымдар қойылды.

Саятшылық көріністері мен асық ойнап отырған балалардың сирек суреттері, сондай-ақ тоғызқұмалақ тақтасы, ашамай ер, асықтар және басқа да жәдігерлер көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Бұл материалдар ұлттық ойындардың тарихи дамуы мен олардың қазақ қоғамындағы әлеуметтік-мәдени қызметін терең түсіндіруге мүмкіндік берді.

Көрме аясында музей қызметкерлері Қаскелең қаласындағы «Келешек» мектебінің оқушыларына тақырыптық экскурсия ұйымдастырып, ұлттық ойындардың шығу тарихы, мазмұны мен ерекшеліктері жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар, тоғызқұмалақ, асық ату және басқа да дәстүрлі ойындар ойнатылып, олардың негізгі ережелері, әдіс-тәсілдері көрсетілді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі