«Қазақконцертте» Әли Алпысбаевтың 70 жас мерейтойына арналған музыкалық кеш өтті

«Қазақконцертте» Әли Алпысбаевтың 70 жас мерейтойына арналған музыкалық кеш өтті

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы сахнасында белгілі композитор, дирижер, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әли Алпысбаевтың 70 жас мерейтойына арналған музыкалық кеш өтті.

Іс-шара барысында композиторға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты табысталды.

«Жоғары кәсіби шеберлігіңіз бен шығармашылық ізденістеріңіз ұлттық музыкалық өнердің өрісін кеңейтіп, қазақ мәдениетінің беделін халықаралық деңгейде танытуға зор ықпал етті. Өнер жолындағы қажырлы қызметіңіз, ел руханиятына сіңірген еңбегіңіз әрдайым жоғары бағаланады», – делінген құттықтау хатта.

Әли Алпысбаев – 50-ден астам ән және түрлі музыкалық аспаптарға арналған бірқатар шығармалардың авторы. Оның шығармашылығында ұлттық дәстүрлі әуен де, заманауи музыка да бар. Сонымен қатар ол – «Алтын таяқша» халықаралық дирижерлер байқауы мен
Мұқан Төлебаев атындағы «Кестелі орамал» вокалистер байқауының ұйымдастырушысы.

Композитор – мемлекеттік грант иегері, «Елім менің» республикалық байқауының бірнеше дүркін лауреаты. 2015 жылы ол «Тәуелсіздік толғауы» VI Республикалық жаңа өнер туындылары байқауына қатысып, симфониялық күй жанрындағы «Орбұлақ таңы» поэмасы Гран-при жүлдесіне ие болды.

Әли Алпысбаевтың шығармашылығы халықаралық деңгейде де жоғары бағаланған. Ол Ресейде, Қытайда, Түркияда гастрольдік сапармен өнер көрсетіп, Польшада өткен VIII Дүниежүзілік өнер фестивалінде шетелдік көрерменге қазақстандық музыка өнерін таныстырды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі