Наурызнама онкүндігінің бесінші күні – Ұлттық киім күні

Наурызнама онкүндігінің бесінші күні – Ұлттық киім күні

Бүгін, 18 наурызда Наурызнама жалпыұлттық онкүндігінің бесінші күні – Ұлттық киім күні атап өтіледі.

Ұлттық киім – эстетикалық талғамын, бай тарихы мен мәдениетін сақтап келген құндылық.

Мерекеге орай республикалық мәдениет ұйымдары бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды. ҚР Ұлттық орталық музейінде «Ұлттық киім – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі» атты көрме өтуде. Мәдениеттерді жақындастыру орталығында «Ұлттық киімдерді ұлықтайық» атты тақырыптық іс-шара өткізілді. Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде этнодизайнерлік сән көрсетілімі өтіп, онда ұлттық киімнің заманауи үлгілері ұсынылуда. Алматы қаласында Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының қатысуымен Оқушылар сарайында ұлттық киімдер көрмесі ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шаралар ел өңірлерін де қамтыды. Жастар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен қалаларда ұлттық киім шеруі, челлендждер, тақырыптық акциялар мен флешмобтар өтуде. Ақтөбе облысында ұлттық киім көрсетілімдері мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылса, Ақмола облысында ұлттық киімді насихаттауға арналған челлендж өтуде. Қарағанды облысында тақырыптық фестивальдер мен байқаулар, Маңғыстау облысында ұлттық костюмді цифрлық форматта таныстыруға бағытталған заманауи жобалар іске асырылуда.

Осылайша, айтулы күн ұлттық киімді кеңінен насихаттауға, мәдениетіміздің ажырамас бөлігі ретінде дәріптеуге, дәстүр мен заманауи талғамды ұштастыруға ықпал етуде.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі