
Наурызнаманың онкүндігі аясында «Шаңырақ» күніне орай еліміздегі кітапханаларда ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналған мәдени-танымдық іс-шаралар өтті.
Атап айтқанда, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Отбасымен оқимыз» клубы Дәнеш Ахметұлының «Үкілі домбыра» әңгімесі бойынша әдеби-танымдық сағат өткізді. Қатысушылар шығарманы талқылап, қазақ әдебиетіндегі отбасы құндылықтарының көрінісін саралады.
Сондай-ақ Алматы қаласында ҚР Ұлттық кітапханасының өкілдері жас отбасыларға отбасы құндылықтарын насихаттайтын кітаптарды тарту етті.
Ал еліміздің өңіріндегі көпшілік кітапханаларда интерактивті бағдарламалар, шығармашылық кештер және 40–50 жыл отасқан отбасылармен кездесулер және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі