
Құддыс Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрында Наурызнама онкүндігі аясында Көрісу күні – Амал мерекесіне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шараға Республикалық мемлекеттік академиялық корей театры, Республикалық академиялық неміс драма театры және Наталья Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры қатысты.
Қонақтардың назарына Қазақстан халықтарының дәстүрлі тағамдарының байлығы мен алуан түрлілігін танытатын ұлттық тағамдар тартылды. Сондай-ақ, қонақкәде ретінде мейман театрлар дайындаған әсерлі концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды. Бағдарламада музыкалық және драмалық шығармалар орындалып, әсем би көріністері көрсетілді.
Театр ұжымдары бір-бірімен көрісіп, көктемнің жаймашуақ мерекесі аясында ізгі ниет білдіріп, жақсылық пен ырыс-береке тіледі. Мерекелік іс-шара меймандостық атмосфераға, достық пен сыйластыққа, қуаныш пен шаттыққа толы өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі