
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Наурыз мейрамына арналған Наурызнама онкүндігі аясында «Амал мерекесі – ізгілік пен бірліктің белгісі» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті.
Тағылымды басқосу қазақ халқының рухани мұрасында ерекше орын алатын Көрісу күні – Амал мерекесіне арналды. Іс-шара барысында мерекенің тарихи әрі мәдени маңызы кеңінен таныстырылып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, қоғамдағы ізгілік пен бірлік идеяларын насихаттауға айрықша назар аударылды.
Амал мерекесі – адамдардың бір-бірімен көрісіп, амандық сұрасуы арқылы татулықты, бауырмалдық пен сыйластықты нығайтатын көне дәстүрлердің бірі. Бұл күн ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ұлттық бірегейлікті сақтауға қызмет ететін маңызды рухани құндылық ретінде ерекшеленеді.
Іс-шара танымдық кездесу, дәстүрлі рәсімдер таныстырылымы және интерактивті мәдени бағдарлама форматында өтті. Бағдарлама барысында қатысушылар Амал мерекесінің шығу тарихымен танысып, көрісу дәстүрінің тәрбиелік мәні туралы кең мағлұмат алды.
Сонымен қатар қазақ халқының бата беру, үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет білдіру, қол алысып көрісу сияқты ұлттық салт-дәстүрлері сахналық көріністер арқылы көпшілікке ұсынылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі