Алматыда Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған концерт өтті

Алматыда Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған концерт өтті

Алматыда Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған «Ата толғауы» атты концерт өтті. Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясы ұжымына және кеш қатысушыларына құттықтау хат жолдады. Хатты ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.

«Әйгілі жыршы шоқтығы биік шығармалары арқылы отаншылдық пен ынтымақ, ерлік пен елдік, адалдық пен әділдік секілді мызғымас құндылықтарды кеңінен дәріптеді. Халқымыздың біртуар перзенті айтыс өнерінің өрісін кеңейтуге, эпикалық дәстүрді жаңғыртуға, қазақ-қырғыз әдеби байланысын нығайтуға өлшеусіз үлес қосты», – делінген құттықтау хатта.

Іс-шараға ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті мен өнері халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.

Концертте Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі, Б. Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы, Филармония орындаушылары, Алматы облысының өнерпаздары қатысты.

Іс-шара аясында күй анасы Дина Нұрпейісованың 165 жылдығы да сөз етілді.

Сонымен қатар ақын мұрасына арналған көрме ашылып, келушілер жыр алыбының көзін көрген құнды экспонаттарды тамашалады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі