
Астанада «Sarap» сараптамалық клубының «Конституция және өмір сүру сапасы: реформалардың қоғамға әсері қандай» тақырыбында отырысы өтті.
Жиынға академиялық қауымдастық өкілдері, мемлекеттік талдау орталықтары мен жекеменшік зерттеу ұйымдарының сарапшылары қатысты.
Қатысушылар Конституция қағидаттарының азаматтар өміріне ықпалы мен Ата заңның жаңа редакциясы аясында реформалардың қоғамға әсерін бағалау тетіктерін қарастырды. Сонымен қатар әлеуметтік саясаттың тиімділігі және қоғамдық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру мәселелері қозғалды.
Конституция қоғам дамуының шарттарын және азаматтардың жағдайын айқындайтын институционалдық негіз екені сөз болды. Осы тұрғыда жүзеге асырылып жатқан реформалардың қоғамға әсерін бақылау мен оны дұрыс интерпретациялау басты мәселелердің біріне айналып отыр.
Отырыс қорытындысы бойынша реформалардың әлеуметтік әсерін бағалаудың ұлттық жүйесін әзірлеу, дәлелді саясат қағидаттарын кеңінен қолдану және өмір сапасын өлшеудің халықаралық әдістемелерін енгізу ұсынылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі