
Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, кітапхана басшылары, ақын-жазушылар,
отандық баспагерлер, ғылыми және білім беру ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Отырыста «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасы, оның мақсаттары мен міндеттері, негізгі ережелері тақырыбында баяндама оқылды. Қатысушылар құжаттың стратегиялық маңызын, ұлттық кітап мәдениетін жүйелі дамытуға қосар үлесін сөз етіп, баспа ісін қолдауға және оқырмандардың кітапқа қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін тармақтарын талқылады.
Сонымен қатар кітап ісін мемлекеттік деңгейде қолдау, кітап өнімдерін тарату және кітапханалардың заманауи мәдени-ағартушылық орталық ретіндегі рөлін нығайту мәселелеріне назар аударылды.
Іс-шара заң жобасының басты бағыттарын жан-жақты талқылап, кәсіби ортаның пікірін ескере отырып оны жетілдіруге арналған ұсыныстарды дайындау мақсатында ұйымдастырылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі