
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Конституция – тәуелсіздік кепілі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шарада Қазақстан жаңа Конституция жобасы талқыланды. Іс-шараға мәдениет және өнер саласының өкілдері, шығармашылық ұжымдардың көркемдік жетекшілері қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар жаңа конституциялық өзгерістер елдің дамуына сеп болатынын сөз етті. Жаңартылған заң құқықтық мемлекетті нығайтуға, адамның құқықтары мен бостандықтарына кепілдіктерді кеңейтуге, сондай-ақ қоғамдық даму үшін білім, ғылым, мәдениет және инновациялардың рөлін күшейтуге бағытталғаны айтылды.
Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау және шығармашылық әрі зияткерлік әлеуетті дамытуға жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Алдағы референдум ел үшін маңызды өзгерістерді бүкіл халық болып талқылауға мүмкіндік беретін маңызды құрал екені атап өтілді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістерді қолдап, алдағы референдумға азаматтардың белсенді қатысу қажеттігі айтылды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі