Жұмыс уақытын есепке алу жүйесіне қатысты

Жұмыс уақытын есепке алу жүйесіне қатысты

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты ұйымдарда жұмыс уақытын есепке алу жүйесі енгізілген.

Бұл жүйе еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес кадрлық есепке алуды тәртіпке келтіруге және еңбек үдерісін ұйымдастырудың ашық әрі түсінікті қағидаларын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бірыңғай тәсілді енгізу қажеттілігі Министрлік жүйесінің ауқымына да байланысты. Министрлікке қарасты 72 ұйым бар. Олардың қатарында мәдениет, архив ісі, ақпарат және басқа да мекемелер қамтылған. Бұл ұйымдарда 18 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Қызметкерлер саны көп болғандықтан, жұмыс уақытын есепке алу тәртібі баршаға түсінікті және барлық ұйым үшін бірдей қағидаға негізделуі маңызды.

Бұл ретте жүйенің мүмкіндігі нақты шектелген. Ол тек белгіленген жұмыс кестесі аясында қызметкердің жұмыс орнында болған-болмағанын тіркейді. Жүйе қызметкердің жұмыс сапасын бағалауға арналмаған. Сондай-ақ ол шығармашылық үдеріске араласпайды және қызмет мазмұнын бақыламайды.

Мәдениет және медиа ұйымдарында жұмыс кестесі әртүрлі болуы мүмкін болғандықтан, жұмыс режиміне ерекше мән беріледі. Әр ұйымның жұмыс кестесін сол ұйымның басшылығы мекеменің ерекшелігін ескере отырып немесе тараптардың келісімі негізінде белгілейді. Әкімшілік-басқару қызметкерлері үшін, әдетте, стандартты сегіз сағаттық жұмыс күні қолданылады. Ал шығармашылық және өндірістік қызметкерлер үшін репетициялар, спектакльдер, түсірілімдер мен түрлі іс-шараларға байланысты қажеттілікке қарай икемді кесте, ауысымдық жұмыс, толық емес жұмыс уақыты, демалыс және мереке күндері жұмыс істеу тәртібі қарастырылған.

Сонымен қатар жұмыс үдерісін ұйымдастыру және еңбек тәртібінің сақталуына әр ұйымның басшылығы жауапты. Министрлік тарапынан күнделікті жедел бақылау жүргізілмейді. Мониторинг аясында тиісті рәсімдеусіз еңбек заңнамасын жүйелі түрде бұзу фактілері орын алған жағдайлар бойынша ғана ақпарат сұратылады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі