
Елордада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен цифрландыру мен креативті индустрияның дамуы жағдайында ұлттық мәдени кодты сақтау мәселелеріне арналған «Заманауи қоғам және ұлттық дәстүр: үйлесім мен ұстаным» атты республикалық семинар өтті.
Іс-шарада Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзін мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов жеткізді.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда өнер мен мәдениет – мемлекеттің стратегиялық бағдары екенін айтып, идеологиялық рухани құндылықтардың маңызын атап өтті. Жаңа технологиялар, цифрлық орта және жасанды интеллект мемлекеттердің, экономикалардың және қоғамдардың даму бағытын барған сайын айқындап келеді. Бұл ретте технологиялық серпіліс жағдайында өз мәдени кодымызды жоғалтпау және төл болмысымызды сақтау – аса маңызды міндет», – делінген құттықтау хатта.
Семинар барысында тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев, суретші, дизайнер, «Қазақ оюлары» кітабының авторы Ерлан Қожабаев, дизайнер Фарида Мерхамитқызы сөз сөйледі.
Сарапшылар соңғы уақытта қазақ танымында жоқ, ұлттық болмыстан алшақ дүниелердің «дәстүр» деп насихатталып жүргенін сөз етті. Ұлттық ою-өнректерді де орнымен пайдалану қажеттігі, тіпті әйелдерге тән мотивтер ерлер киімінде жиі қолданылатыны да талқыланды. Сонымен қатар қазақ мәдениетіне жат элементтерді ұлттық мұра ретінде насихатталуы да сөз болды.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, бірақ қазақ мәдениетінде тарихи негізі жоқ «жаңа дәстүрлер» қарастырылды. Мұндай жағдайлар қалыптасқан құндылықтар мен мәдени нормаларды бұзып, түпкілікті салт-дәстүрлердің мәнін бұрмалайтыны айтылды. Іс-шара барысында дәстүрлерді коммерциялау мәселесі де көтерілді.
Семинарға ғалымдар, этнографтар, мәдениеттанушылар, креативті индустрия өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың, жастар және волонтерлік бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен медиа-сарапшылар қатысты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі